Бейімделу кезеңінде педагогтардың тәрбиеленушілердің ата-аналарымен әріптестігі

    Ата-ана болу – бұл өнер. Алайда, өмірге суретші болып келгендіктен ата-ана болу шарт. Бұл үрдісте ең бастысы – зейін қоя білу, балаңыздың ішкі толқынысын түсіну, әсіресе, қиын кезеңдерде оның орнына өзіңізді қоя білу, ал ол қиындықтардың бірі, әрине, баланың балабақшаға бейімделу кезеңі болып табылады. Ата-ана ең бірінші баламен қарым-қатынаста сабырлы, балабақшаға және оның тәрбиешілеріне мейірімді және дұрыс көзқараста болуы қажет. Өйткені, бұл сезімдер балаға беріледі.
    Сіздің өмірлік ұстанымыңыз – баланы тұлға ретінде дамытуда ең басты себеп болып табылатын отбасындағы қарым-қатынас және құндылықтар, отбасылық көңіл-күй, орнатылған тәртіптер. Отбасының ұстанымын өзіне сіңіре отырып, бала қоғамның ұстаным-нормаларын қабылдайды, сол арқылы адамдармен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Бала тәртібінің нашар болуы оның өзін үнемі қорғансыз сезінуінің кепілі. Отбасындағы кикілжіңдерді ер балалар көбірек сезінеді. Отбасындағы ұрыс-керіс, әсіресе, ата-ананың ажырасуы баланың өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізеді. Бала мазасыздыққа ұшырайды, мазасыздықты агрессия және тәртібінің нашарлығымен көрсетеді, соның салдарынан баланың балабақшаға бейімделуі өте ауыр өтеді. Үйіңізде шиеленіссіз көңіл-күйді ұстаңыз, жұбайыңызбен балалар жоқ жерде қарым-қатынас қиындықтарын шешуге тырысыңыз. Балаға, оның отбасында маңызды орында екенін, оны жақсы көретіндігіңізді, оның көзқарасы – ол сіздің де көзқарасыңыз екенін түсінуге мүмкіндік беріңіз. Егер де сіздікі шынымен де дұрыс болмаса: балаға жазықсыз ұрыссаңыз, айқайласаңыз өзіңіздікі дұрыс емес екенін мойындауға қорықпаңыз. Әр ата-ана екіншісінің пікіріне қарама-қайшы келетін бағыттар беруден аулақ болуы қажет. Өйткені, ондай әрекеттер баланы шатастырады және мазасыз болуына әкеп соғады. Сондықтан өз әрекеттеріңіздің келісімді болуын қадағалаңыздар. Балаға өз талаптарыңызды нақты жеткізіңіз, одан не күтетініңізді жұмсақ және жеткілікті түсіндіріңіз. Мысалы, егерде бала бұзық болса, ал, сіз тыныштықты қаласаңыз: «Өзіңді жақсы ұста» деген сөзді айту жеткіліксіз болады. Одан шуламауын өтініңіз (сабырлы және мейірімді жүзбен). Өз ойларыңыз бен сезімдеріңізді агрессиясыз жеткізіңіз, балаңызды ден қойып, тыңдаңыз. Өзіңізге уақыт бөлуді де ұмытпаңыз: кітап оқыңыз, демалыңыз. Сіздің сабырлығыңыз ең бірінші сіздің балаңызға қажет. Сіз өтіп жатқан қиындықтардан балабақшаға баласын әкелген әрбір ата-ана өтіп жатқандығын біліңіз. Және де, сізге де, балаңызға да өмірдің жаңа белестеріне үйрену кезеңін бастан өткеруге көмектесетін тағы бір кеңес: жеке отыратын тыныш орын және бос уақытыңыздан 5 минут табыңыз. Мұрныңызбен ауаны жұтып, аузыңыздан шығарыңыз. Көзіңізді жұмыңыз. Сабырмен тыныс алыңыз. Балаңыздың бет әлпетін, киімін, оның топта ойнап отырғанын елестетіңіз. Оған ойша өз махаббатыңызды, күшіңізді беріңіз. Көзіңізді ашыңыз, күлімдеңіз.

Баланың сәтті бейімделуі үшін ата-аналарға бірқатар кеңестер

    1. Балабақша деген не екенін түсіндіреміз: Балаға балабақша дегеннің не екенін, онда балалар не үшін барады, сіз оның балабақшаға барғанын неліктен қалайтындығыңызды айтып беріңіз. Мысалы: «Балабақша – ол әдемі ойыншықтары көп үлкен үй, ол жерге аналар мен әкелер өз балаларын әкеледі. Саған ол жер ұнайды: ол жерде басқа да көп балалар бар, олардың барлығы бірге тамақ ішеді, ойнайды, серуендейді. Ол жерде менің орныма саған және басқа да балаларға қамқор болатын тәрбиеші апай бар. Балабақшада қызықтар өте көп, балалар ойнайтын алаңдары тамаша, онда басқа балалармен түрлі ойындар ойнауға болады».
    2. Оң көзқарасты қалыптастырамыз: Балабақшаның жанынан өтіп бара жатқанда балаға, оның осы жерге келіп жүргені қандай бақыт екені туралы есіне салыңыз. Туыстарыңыздың және таныстарыңыздың алдында балаңызды балабақшаға қабылдағанына қуанышты екеніңізді оның көзінше айтыңыз. Біраз уақыттан соң балабақшаға баратындығын балаңыз өзі де қуана айтатын болады.
    3. Балабақшада баланы не күтіп тұрғандығы туралы айтамыз: Балаға балабақшаның тәртібі туралы егжей-тегжейлі: ол жерде қандай тәртіппен, не істейтіні туралы айтып түсіндіріңіз. Егжей-тегжейін неғұрлым жақсы түсіндірсеңіз – соғұрлым балабақшаға барғанда балаңыз өзін сабырлы және сенімді ұстайды. Серуеннен кейін не істейтіні туралы есінде қаншалықты сақтағанын, киімдерін қайда қоятынын, шешінуге кім көмектесетінін және түскі астан кейінгі әрекеті туралы балаңыздан сұраңыз. Осы сұрақтарды қоя отырып, әрекет салдарынан баланың есінді қаншалықты сақтағанын бақылауыңызға болады. Балабақшада балаларды әдетте белгісіздік қорқытады. Егер де бала балабақшаға келгенде өзі күткендей жағдайды көретін болса, онда өзін сенімді ұстайтын болады.
    4. Кездесетін қиындықтар туралы шындықты айтамыз: Балабақшада туындауы мүмкін қиындықтар туралы баламен ашық сөйлесіңіз. Ондай жағдайларда кімнен көмек сұрай алатыны және оны қалай жасайтындығын айтыңыз. Мысалы: «Егер су ішкің келсе, тәрбиешіге жақындап: «Менің су ішкім келіп тұр»деп айтасың, тәрбиеші саған су құйып береді. Дәретханаға барғың келсе, ол туралы да тәрбиешіге айтасың. Барлығы өз қалағанындай болатыны, оның талаптары ғана орындалатыны туралы балада елес сезімдер тудырмаңыз. Топта балалардың көп болатындығын, сондықтан кейде балаға өз кезегін күтуге тура келетінін түсіндіріңіз. Балаға: тәрбиеші барлық балаға бірдей киінуге көмектесе алмайды, сондықтан, саған біраз күту қажет болады» деп айтыңыз.
    5. Басқа балалармен қарым-қатынас жасауға үйренеміз: Баланы басқа балалармен танысуға, оларды атымен атауға, ойыншықтарын тартып алмауға, өз кезегін күтуге, басқа балалармен ойыншықтарымен бөлісе білуге үйретіңіз.
    6. Сүйікті ойыншықты таңдаймыз: Балаңыз өзімен бірге алып жүретін сүйікті ойыншығын өзі таңдасын, онымен бірге балабақшаға бару көңілдірек болады.
    7. Баламен уақытша көріспеу қажет болатындығына өзімізді даярлаймыз: Балабақшаға бейімделудің алғашқы кезеңінде ата-ананың баласының жанында болу қажеттілігі туралы әртүрлі пікірлер бар. Анасының баласымен бірге балабақшаға келгенінде тұрған ештеңе жоқ деуге болады. Барлығы риза, бала жыламайды, анасы уайымдамайды. Бірақ, қоштасу ұзаққа созыла береді. Басқа балаларда бөгде анаға қарап, өздерінің аналары неге жандарында емес деген ойға қалады. Сондықтан, бірінші күннен бастап, баланы анасының қамқорлығынсыз, өзін топта жалғыз қалдыруға тырысса, барлығы үшін жақсы болады.Ал, тәжірибелі тәрбиешілер баланың қамқорлығын өз мойнына алады.
    8. Қоштасу рәсімі: Баламен бірге қоштасу белгілерінің жеңіл жүйесін жасап алсаңыз, онымен қоштасу рәсімі жылдам өтетін болады. Мысалы, оның бір бетінен сүйіңіз, содан кейін екіншісінен, қол бұлғаңыз, осы жағдайдан кейін ол балабақшаға алаңсыз кіреді.
    9. Баланың көзқарасын есепке ала отырып, өз өмірімізді жоспарлаймыз: Баланың балабақшаға үйренуіне жарты жылға жуық уақыт кетуі мүмкін. Сондықтан, өз күшіңізді, мүмкіндігіңізді және жоспарларыңызды дұрыс есептегеніңіз жөн. Баланың бейімделу ерекшелігіне қарай реттелуге отбасының мүмкіндігі болғаны дұрыс.
    10. Тартынбаңыз! Егер де ата-ана балабақшаның лайықты тәрбие беретіндігіне сенімсіздік білдіретін болса, бала да оны сезеді. Сіздің кез-келген тартыншақтығыңызды айлакер бала үйде қалу үшін және ата-анасынан ажырамау үшін қолдануы мүмкін. Балабақшаны өздеріне жалғыз балама санайтын ата-аналардың балалары жылдам, әрі жеңіл үйренеді.
    11. Баланың басқа балалармен және тәрбиешімен қарым-қатынасқа түсуіне көмектесеміз: Балалармен және ересектермен көп мөлшерде қарым-қатынас жасаған баланың балабақшаға үйренуі жылдамырақ болады. Сондықтан, оған көмектесіңіз. Басқа ата-аналармен және олардың балаларымен танысыңыз. Балаңыз жаныңызда тұрғанда басқа балаларды атымен атаңыз. Жаңа достары туралы үйге барғанда одан сұраңыз. Басқа адамдардан көмек пен қолдау сұрай білгені үшін мақтаңыз. Тәрбиешілермен, басқа ата-аналармен және олардың балаларымен қарым-қатынасыңыз неғұрлым жақсы болса, соғұрлым сіздің балаңызға жеңіл болады.
    12. Жағдайды бақылаймыз, үрейленбейміз: Мінсіз адам болмайды. Басқаларға төзімді және сыпайы болыңыз. Өзіңізді толғандыратын жағдайларды анықтауға тырысыңыз. Оны мамандар арқылы немесе жұмсақ түрде жасаңыз.
    13. Балабақшаға қатысты жағымсыз пікірлер айтпаймыз: Балаңыз жаныңызда болғанда балабақшаға және оның қызметкерлеріне қатысты сыни пікірлер айтудан аулақ болыңыз. Баланы ешқашанда балабақшамен қорқытпаңыз!
    14. Балаға қолдау көрсетеміз: Бейімделу кезеңінде баланы эмоционалдық жағынан қолдаңыз. Жиі құшақтаңыз және сүйіңіз. Сәттілік! Балаңыз балабақшада өзін тату-тәтті ұжымның мүшесі ретінде сезінсін және даму үшін жаңа серпін алсын.

Кеңесті даярлаған – педагог-психолог Н.З.Зәкиева