Баланың балабақшаға бейімделуі кезеңіндегі ата – аналарға ұсынылған психологиялық кеңес

Баланы балабақшаға беру немесе бермеу жағдайы жанұяның барлық мүшелерінің эмоциялық күйіне, жанұяның маңызды мәселелеріне байланысты. Қазіргі уақытта көпшілік ата-ананы “Бала үшін балабақша қажет пе?” – деген сұрақ толғандырады. «Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеленген бала мектепке тез бейімделеді, әлеуметтік қатынасқа жақсы түседі, құрдастарымен қарым-қатынаста тәжірибе жинақтайды» – деген түсінік қалыптасқан.

Баланың балабақшаға бейімделуі өзінің психо-физиологиялық және тұлғалық ерекшеліктеріне, отбасылық қарым-қатынастарына, мектепке дейінгі мекемедегі қатысу шарттарына байланысты. Анасынан және жанұядан тыс жерде ересектер және өзге балалармен жаңа қарым-қатынас орнату бала үшін қиындық тудырады. Әр бала жаңа жағдайға әртүрлі бейімделеді. Мысалы, 2-3 жастағы балалар үшін балабақшаға бейімделу күрделі құбылыс, өйткені анасымен құштарлық сезімі тығыз, анасының жоқ болғаны баланың қарқынды қарсылығын толғатады, әсіресе бала сезімтал болса. Бейімделу уақытында баланың эмоциялық жағдайы көп өзгеріске түседі.

Баланың балабақшаға қиын бейімделу себептері:

– Дәретке өзі отырып үйренбегендіктен;

– Кейбір тағамдарды жеу дағдысы жоқ, мысалы: қызылша, орамжапырақ, картоп;

– Балабақшаға келген алғашқы күндері 2 сағатқа қалу керек. Көбінесе ата-аналар жұмыс тәртібін айтып, баланы күні бойы балабақшада қалдырады. Осының нәтижесінде күрделі және созылмалы мәселелер пайда болады.

Әр отбасында бейімделудің үш түрі бар.

– Жеңіл түрі – баланың мінез-құлығы 10-15 күнде қалпына келеді;

– Орташа ауырлық бейімделу -1 айдың ішінде;

– Ауыр бейімделу – 2 айдан 6 айға дейін. Бала үшін өзінің отбасында өзін ұстау ережелері қалыптасып қалған. Балабақшаға келген күннен бастап үйреншікті өмір сүру ортасы өзгереді.

Бұл неден көрініс табады?

– Баланың эмоционалды жағдайы, ұйқысы, тәбеті нашарлайды;

– дене қызуы көтерілуі мүмкін;

– бала бойында қалыптасып қалған жақсы қасиеттерінің жоғалуы мүмкін;

– иммунитеттің төмендеуі, салмағының азаюы мүмкін.

Бала ортаға бейімделгеннен кейін эмоционалды жағдайы қалпына келеді.

Қобалжулары қатты ата-аналардың балалары да балабақшаға қиын бейімделеді, өйткені ата-анасының қобалжуын көріп, баланың қорқынышы ұлғая бастайды. Осы кезде ата-аналар балаға көмек беруі керек.

– Баланы балабақшаға апармас бұрын, оның өзге балалармен көбірек араласуына мән беріңіз. Балалар саябағына, ойын алаңдарына жиі ертіп барып тұрғаныңыз абзал. Құмда ойнауға, әткеншек тебуге үйретіңіз;

– Балаңыз баратын топтың тәрбиешісімен алдын ала танысып алыңыз. Баланың бойындағы жеке ерекшеліктерінен хабардар етіңіз;

– Балабақшаның тамақтану ас мәзірімен танысып, баланың үйдегі тамақтануына балабақшада ішетін тамақтар түрін қосыңыз;

– Баланың үйдегі жағдайда өзіне-өзі қызмет етудің алғы шарттарына үйрете беріңіз: жуыну, қолын сүрту, шешіну, өз бетімен тамақтану, дәретке сұрану т.б;

– Баланы ауладағы өзімен құрдас балалармен көбірек ойнатыңыз, жолдастарына қонаққа барсын, әжесінде қонуға қалсын.

– Баламен жағымды эмоционалдық жағдайлар жасау қажет, ол көбіне ата-ана жағынан болуы қажет. Балабақша туралы, оның өзіне керектігін түсіндіріп, балаңызды сүйіп, аймалап, жиі оған өз мейріміңізді көрсетіңіз.

– Бірінші күні балабақшаға серуенге келген дұрыс: тәрбиешімен танысып, жаңа достар табу үшін.

– Бейімделу кезінде үйде демалыс күндері баламен көп шұғылдану керек.

– Балабақшаға бала тек ауырмай келуі қажет.

Балабақшада баланың өзін еркін сезінуіне қажетті машықтарынан басқа, оның ұжымға араласуға психологиялық дайындығы да аса маңызды. Баланың көңілін ашық, жылтыр заттар өзіне аударады. Мысалы: сабын көпіршіктері, шарлар.

Эмоция балалардың өмірінде маңызды роль атқарады. Олар шындықты ұғындыруға және дұрыс қарым-қатынас құруға көмектеседі. Сезім бет-әлпетімізде, іс – әрекетте, ым – ишарадан көрініп тұрады. Тәрбиешілер мен психологтардың балалармен жеке тұлға ретінде қарым – қатынас жасауындағы басты мақсаты – баланы өзі туралы айтуға, өзінің сезімі, ойы, әдеті туралы әңгімелесуге, оны ой елегінен өткізіп баға бере білуге, тек өзіне ғана емес, жанындағы адамдарға да көңіл аудартып, оларды өзіндік табиғи болмысымен қабылдап, ізгі-ниет, ықылас таныта білуге, эмоционалдық көңіл-күй мен мінез-құлықты ұғына білуге үйретуден басталады. Баланың қабілеттерін ашуда, дамуында, бойындағы икемділіктерін байқауға, баланың психологиялық және жеке тұлғалық дамуындағы болатын кемшіліктерінің алдын алуда психологиялық көмектің маңызы зор.

Баланың балабақшаға бейімделуі оның жағдайы мен көңіл-күйінің тұрақтануы болып табылады. Балалар жаңа ережелерге, бір-бірімен сыйластыққа үйренеді. Ең бастысы, ата-ана баланың балабақшаға бейімделуіне өз ықыласы бар екенін түсінуі тиіс. Балабақшаға бейімделу мәселесі мерекеден, демалыстан және жанұяның ішкі жағдайлары өзгергенде (сәби дүниеге келгенде, анасы іс-сапарға кеткенде және т.б жағдайларда) қайта жалғасуы мүмкін. Балабақшада қалу уақытын азайтып, апта арасында үзіліс ұйымдастырумен шешуге болады. Балабақша туралы баламен әңгімелескенде, онда көп нәрсе үйренуге, баланың және тәрбиешісімен достасуға болатындығын айту қажет. Ата-ананың сенімділігі, жайлылығы балаға сенімділік берері сөзсіз. Үйдің жайлы және әдеттенген атмосферасынан ажырап, ол балабақшадан қажеттігін тауып, тәрбиешілермен балалармен жақсы қарым-қатынасқа түсуге үйренеді. Туындаған мәселелер бірдей болуы мүмкін, бірақ әр ата-анада одан шығу жолдары әртүрлі.

Егер де балаңыз жоғарыда айтылған машықтардың бәріне әдеттенген болса, онда ол балабақшаға баруға толығымен дайын. Дегенмен де, баланы балабақшаға дайындауға көбірек уақыт бөлсеңіз, оның жаңа өмірге бейімделуі оңай болмақ.

Педагог – психолог: Сеилханова Н.М.

Ата — ананың махаббаты мен бала тәрбиесіндегі салғырттықтың (баланы бетімен жіберудің) шекарасы қайсы?

Ол үшін мына кеңестер кез — келген ата – анаға

көмек бола алады.

1.Балаға ата – анасы көшбасшы.

Ата – ана мен баланың арасында екі түрлі көзқарас болмауы тиіс. Бұл әлі өмірге деген өз көзқарасы қалыптаспаған, жасы кәмелетке толмаған балаларға қатысты. Ата – анасы көш бастайтын көсем болуы қажет бала үшін. Демек, ата – ана әрбір іс – әрекетіне мән беруі қажет. Білікті, білімді, қайсыбір жағдай болмасын, сабырмен қабылдайтын ата – ананың соңынан балада ереді. Өйтпеген жағдайда бала тарапынан қарама – қайшылықты анық көретін боласыз. 4 – 5 жасында өз қалауын ата – анасына сөзсіз орындататын бала ерке. 2 жасқа келгенде баланың қалауы (орынды болса ғана) ата – ана үшін заңды. Одан кейінгісі – еркелік болып саналады. Демек, уақыт өткізбей ертерек қателіктердің орнын толтырып, бала бойындағы еркелікті түзеуге ұмтылған дұрыс. 4 – 5 жасқа келгенде бала ата – анасының неге рұқсат етіп, қай қалауының теріс екендігін түсіне білуі тиіс. Егер осы жасқа дейін ата – ана мен баланың арасындағы қарым – қатынас өз деңгейінде қалыптасса, демек, әрі қарай да олардың арасында қандай да бір үлкен түсініспеушіліктер болмайды.

2. «Болатын» және «болмайтынның» шекарасы.

Балаға берілетін дұрыс тәрбие «болатын» және «болмайтын» іс – әрекеттерді айқындайтын нақты шекарадан тұрады. Бұдан бала, ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екендігін, қандай іс – әрекеттердің оң, қай қылығының теріс екендігін анық ұғып өседі. Егер кеше балаға тырнақты тістемеуді немесе қолын аузына салмауды ескерттіңіз бе, ол әрекетін бүгін де байқасаңыз, тағы да ескертуге ерінбеңіз. «Ой, қанша айттым, тыңдамайды бәрібір» деп бір – екі күннен соң қол сілтей салсаңыз, бітті. Сіздің балаңыз бойындағы көптеген қателіктерге түйсікті түрде баруға болатындығына жол бергеніңіз болып саналады. Сонымен қатар, баланың алдында емес, соңынан жүруді ерте бастан – ақ қалыптастырғаныңыз қажет. Ата – ананың бала үшін қойған шекарасынан ол әдеттегі айтыла беретіндей «жалтақ» болып кетпейді. Шекара – бала өмірін жеңілдетеді, болашақта қандай – да бір үлкен қателіктерге жол бермеуге үйретеді. Керісінше жағдайда, яғни шекара болмаған отбасында бала адасады, оның өмірі қиындайды.

3. «Болмайды!» деп айғайлауға болмайды.

Бала да ата – анасы сияқты отбасының бір мүшесі. Оның өз орны және құқығы бар. Дегенмен, отбасы мүшелерімен қарым – қатынасында да шекара болуға тиіс. Егер баланың қандай да бір іс – қимылы сізге жағымсыз болса, ыңғайсыздық тудырып жатса, оған шектеу қойғаныңыз дұрыс. Бірақ, әрине бірден түріңізді өзгертіп «болмайды!» деп айғай салу дұрыс емес. Одан да баланың назарын басқа бір қызықты іске айналдырып жіберуге болады. Мұнда сізге сабыр қажет. Сонымен қатар, бала тілімен, оған түсінікті түрде бұлай жасау өзіңізге ыңғайсыздық тудыратынын түсіндіріп айтсаңыз, жетіп жатыр.

4. Іс – әрекетіне лайықты мақтау сөздер айтыңыз.

Мұны өзіңізге ереже ретінде ұстансаңыз да болады. Жоғарыда айтқанымыздай, «болатын» және «болмайтын» іс – әрекеттер үшін өз ойыңызды айтып отырсаңыз, бала бірден болмаса да, біртіндеп оны түсіне бастайды. Мысалы, үйге келген қонақпен сәлемдесіп, ол қайтар кезде қоштасуды ешкім үйретпей өз бетінше орындаған баланың ісі — мақтауға тұрарлық. Алғашқы байқаған сәтіңізде оның дұрыс жасағандығын, жақсы баланың үнемі осылай жасайтындығын т. б. мейірімді жүзбен күлімсірей айта отырып мақтасаңыз, оның бойында жақсы әдетке деген қызығушылығын оятасыз.

Себебі, кез – келген бала мақтауды сүйеді. Сол үшін жақсы әдеттер санын арттырғысы келеді, талпынады. Өзінің айтқанын орындату үшін жерге өзін тастай салып, жата қалып жылайтын баланы жазалаудың ең дұрыс әдісі, оны жалғыз қалдыру. Үнсіз ғана оның бұл әрекетін елемеген болсаңыз, осы жазаңыз да жеткілікті болады. Мұның да себебі бар, өйткені бала өзіне назар аудартқанды жақсы көреді. Жата қалып жылай бастағанына назар аудармасаңыз, оның орынсыз екенін сезіне бастайды. Ал оған ұрысып не болмаса өзге де жазалау түрін қолданып жатсаңыз, демек оған назар аударғаныңыз. Балаңыз ол әдетін тағы да қайталайды деген сөз.

5. Түсініспеушілікті баламен бірге шешуден қорықпаңыз.
Баланың кейбір қылықтарына ашуланбау мүмкін емес. Ол жиі болмаса да кей – кейде орын алып тұрады. Міне, осындай кездері оған ашулануыңыздың себебін сабырлы кезіңізде түсіндіруден қашпаңыз. «Кішкентай ғой, не түсінер дейсің?» деген түсініктен де аулақ болыңыз. Оның қай жерде дұрыс жасамағандығын айтыңыз және неге бұлай жасаған себебін сұраңыз. Сонда араларыңызда бір – біріңізді еркін түсінетін көпір қалыптасады. Оны жазалаудың сіз үшін ауыр екендігін және жазалағыңыз келмейтінін де айтқаныңыз артық болмайды.

Есте сақтағаныңыз дұрыс:

— Баланы жазалау кезінде ата – ананың жүйкесі тыныштанғаннан басқа ешқандай пайда жоқ. Таяқ жеген бала келесі кезекте де қалай әрекет жасайтынын білмей, бір жасаған қателігін екінші рет қайталайды. Оған түсіндіріңіз және түсіндіріңіз!

— Қол жұмсамай – ақ жазалаудың түрі жеткілікті. Мысалы: бала қанша жаста болса, сонша минут бұрышта тұру, орындықта қимылдамай отыру, сол күнгі балмұздақ немесе тәттіден қағу. Қол көтеріп, жүйке жұқартудың оң нәтижесі мүлде болмайды.

— Өзіңізге өзіңіз сырттай назар салыңыз. Сабырлы болыңыз! Бала бірдеңені дұрыс істемеді ме, алдымен түсіндіріңіз. Ол нәтижесін бермесе, ескерту жасаңыз. Ол да көмектеспесе ғана қолданыңыз. Баланың сізге айтқанын жасатуға жол бермеңіз. Сонда ғана кішкентай ғана бауыр етіңізге қол жұмсамайтын боласыз.

Педагог – психолог: Сеилханова Н.М.